Мемлекет кәсіпкерлерді жан-жақты қолдап отыр – Павлодар тұрғыны
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Павлодар облысында тұратын Светлана Жүнісова 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің кәсіпкерлер үшін үлкен көмек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Светлана Жүнісова Шарбақты ауданының Маралды ауылында тұрады. Ол 2019 жылдың басынан бері кәсіпкер ретінде ай сайын БЖТ төлеп келген.
«42500 теңге сәуір айының басында түсті. Бұл біз сияқты кәсіп иелеріне үлкен қолдау болып отыр. Мен «Бизнес бастау» арқылы қайтарымсыз грант ұтып алдым. Қорғаған жобам бойынша ұсақ қара мал сатып алдым. Қазір сатып алған қойларымды жайылымға жібердім. Бұған дейін үйде бағып келдік», - дейді кәсіп иесі.
Светлана Жүнісова – төрт баланың анасы. Жұбайы теміржол вокзалында жұмыс істейді. Айтуынша, мемлекет қиындыққа тап болған халықты көмексіз қалдырмайды.
«Осындай қиын сәтте қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына, Үкіметке, облыс әкімдігіне алғысым шексіз. Ана ретінде, кәсіпкер ретінде жұрт қамын ойлап, маңызды жұмыстарда жүрген кісілерге рахмет айтамын. ҚР Президенті төтенше жағдайларға байланысты жасаған үндеуінде індетпен біріге күресу қажеттігіне тоқталды. Мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарды шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын», - деді Светлана Жүнісова.