Мемлекет кәсіпкерлердің өтінішіне құлақ асты - Рустам Жүрсінов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов шектеулерді жеңілдетуді көздейтін Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақсы жаңалық. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ashyq-та «көк» мәртебесі бар қазақстандықтар үшін шектеулерді алып тастау туралы қаулыға қол қойды. Екі апта бұрын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановқа «көк» мәртебесі бар келушілерге қатысты жұмыс істеп тұрған бизнес объектілері үшін қызметті шектеу жөніндегі карантиндік шаралардың шарттарын қайта қарауды сұрап хат жолдаған едім. Маған СОО (Сауда ойын-сауық орталықтары) иелері мен жалға алушыларынан бизнес үшін жағдайды жеңілдетуге, атап айтқанда, Ashyq-та «көк» мәртебесі бар келушілерге қызмет көрсетуге қатысты мәселені шешуге көмек көрсету туралы көптеген өтініш түсті, өтініштер әлі де түсіп жатыр», - деп жазды Р. Жүрсінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, СОО-да көптеген қәсіпкер қызмет атқарады, ондағы кәсіпкерлер тек саудамен ғана емес, өзге қызмет түрімен де айналысады. Қазір олардың табысы төмендеген, бұл олардың бизнесіне ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына да кері әсерін тигізді.
«Ashyq» жобасы бойынша жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес, келушілердің 23%-ға жуығы «көк» мәртебеге ие. Тиісінше, СОО-ға келушілер саны 20%-ға қысқарды. Ал ҚР Бас санитарлық дәрігердің 2022 жылғы 13 қаңтардағы 1 қаулысына сәйкес, СОО-ға және басқа да объектілерге тек «жасыл» мәртебесі бар адамдар ғана кіре алды.
«Бұл мәселеге қатысты тұрғындар да наразылық танытуда, өйткені «көк» мәртебесі бар адамдар ауырмайды және басқаларға қауіпті емес. Сондықтан олардың қоғамдық орындарға баруын шектеу СОО-ларда орындарды жалға алушыларының кірістерінің едәуір көлемін (50% және одан көп) жоғалтуға және олардың қызметінің шығындылығына, салық төлеу әрі қызметкерлерге жалақы төлеу проблемаларына әкеледі. Бүгінгі таңда іс жүзінде банкроттық сатысында тұрған бизнес мұндай шешімнің салдарына төтеп бере алмайды және мұны ШОБ қатты сынға алуда. Карантиндік шаралар әрі қарай да сақталатын болса, ШОБ тарапынан мемлекетке деген сенімсіздік артады. Қазіргі уақытта кейбір шет елдер міндетті талаптарды алып тастап, оларды ұсынымдық талаптарға ауыстыруда. COVID эндемиялық ауруға айналғандықтан, вакцинациядан өту қажеттілігіне назар аударады», - деді уәкіл.
«Жақында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдауға назар аударуға әрі бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға шақырды. Мемлекет кәсіпкерлердің өтінішіне құлақасқаны қуантады», - деді Рустам Жүрсінов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова «Ashyq» жобасына қатысушылар үшін қолданыстағы шектеулерді жеңілдетуді көздейтін қаулыға қол қойды.