Мемлекет қазынасына 77 млн теңге түсті: прокуратура салық заңбұзушылығын анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында салық заңбұзушылығы анықталып, прокурорлық қадағалау нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 77 млн теңге түсті. Бұл туралы БҚО прокуратурасы мәлім етті.

Мемлекет қазынасы
Фото: Kazinform / ЖИ

БҚО Тасқала ауданының прокуратурасы салық заңнамасының сақталуын талдады.

— Талдау электрондық шот-фактуралар деректерін 300.00 нысанындағы салық есептілігімен салыстыру нәтижесінде «J» ЖШС тарапынан қосылған құн салығы сомасын төмендету фактісін анықтады, — делінген хабарламада.

Бұл ретте уәкілетті орган камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолдау бойынша тиісті шаралар қабылдамаған.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, мемлекеттік бюджетке 77 млн теңге көлемінде міндетті салық төлемдерінің түсуі қамтамасыз етілді.

Бұған дейін прокуратура БҚО-да 100-ге жуық қызметшіге еңбек демалысы ақысы мерзімінде төленбегенін анықтаған еді.