Мемлекет құжаты жоқ балаларды рәсімдеуді жеңілдетуі керек - Зүлфия Байсақова
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда балалардың құқығын қорғау жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Зүлфия Байсақова бала санын арттыру үшін қандай шаралар атқару керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің орталықтағы 30 баланың үшеуінің құжаты жоқ. Сонымен қатар, бір жас ананың құжаты жоқ. Себебі, ол - басқа елдің азаматы. Бірақ, балалары Қазақстанда туылған. Құжаттары үйінде ұрыс-керіс кезінде жыртылған. Енді ол құжат жасату үшін шетелге кетуі керек. Осы жағдайда не істеуге болады? Біз Қазақстанда туған балалардың санын көбейткіміз келеді. Бірақ, Қазақстанда туса да, куәлігі жоқ балалардың құжатын рәсімдеуге еш әрекет жасамаймыз», - деді З.Байсақова.
Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін құжат рәсімдеу процесін жеңілдету керек.
«Балалардың құжатын рәсімдеумен ІІМ айналысатынын білеміз. Тек парламент мүшелері ерекше үлгідегі құжатты бекітуге рұқсат беруі керек. Онда баланың аты-жөні мен әкесінің атының орнына ата-анасы айтқан дерек жазылуы тиіс. Туыстықты дәлелдейтін қосымша сараптама жасатуға болады. Осының арқасында бұл балалар да елдегі барлық балалар сияқты әлеуметтік көмекті ала алады», - деді З.Байсақова.
Бүгінде Қазақстанда 5 623 387 бала өмір сүріп жатыр. Оның ішінде ұл балалар үлесі 51% болса, қыз балалар - 49%. ҚР Статистика комитетінің мәліметінше, балалардың 47%-ы ауылдық жерде тұрып жатыр.