Мемлекет сағымызды сындырмай, демеу болып отыр - Мүмкіндігі шектеулі әке
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астаналық үш баланың әкесі атаулы әлеуметтік көмек бір үйден жалғыз өзі жұмыс істеп жүрген жұбайының жүгін жеңілдеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дархан Шалабековтің өзі денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Екінші топтағы мүгедек жігіт үш баланы жәрдемақы мен жұбайының табысымен асырап келгендерін айтады.
«Осы жолы үш балаға 66 мың теңге атаулы көмек алдық. Үйге келетін кірістің артқаны бірден білінді. Мемлекеттің шын мұқтаждарға бет бұруы үлкен іс деп білемін. Еңбекке араласа алмай, екі қолы байлаулы болған біз сияқты жандардың еңсесі түспеуі үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Бір жақсысы, 3 бөлмелі пәтер өз атымызда. 10 жыл бұрын мүгедектік кезек бойынша тиген. Қазір коммуналдық шығындарын ғана төлейміз» - дейді Дархан Шалабеков.