Мемлекет спортқа осыншама қамқорлық жасап отырған кезде біз де соған сай болуымыз керек – Самбодан үш мәрте әлем чемпионы Е.Байбатыров
Л. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекет еліміздегі спорт саласының дамуына да үнемі көңіл бөліп келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ел спортшылары тамаша табыстарға қол жеткізді. Көптеген спорт ғимараттары мен сарайлары іске қосылып, спортшылар әлемдік деңгейдегі жарыстарға тыңғылықты дайындала алатын болды. Алдағы жылы қысқы Азия ойындарының Астана мен Алматы қалаларында өтуі де спортқа ерекше серпін беріп отыр.
Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі, батысқатысқазақстандық самбошы Ерболат Байбатыров - самбо күресінен ересектер арасында үш мәрте әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері. Әуелі жастар арасында атой салған ол кейін Санкт-Петербор мен Грекияның Салоники қаласында өткізілген ересектер арасындағы дүниежүзілік додаларда 52 келі салмақта топ жарды. Биыл 57 келі салмақта Ташкент қаласындағы әлем біріншілігінде де ешкімді шақ келтірген жоқ. Ерболат қазір 24 жаста, яғни нағыз дер шағында. Самбо олимпиадалық спорт түрі болмағандықтан, оның дзюдоға ауысуы мүмкін екендігін бапкері, Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Ерболат алдағы қаңтар айынан бастап дзюдоға ауыспақ. Бұл жөнінде бапкерлер Керей Қойшыбек пен Қоныс Жетпісовке тиісті тапсырма берілген. Мұндағы басты мақсат - Лондон олимпиадасында олжа салу.
23 желтоқсанда Өскемен қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық ынталы топтың жиналысына қатысып қайтқан Е.Байбатыров алдағы жоспарлары жөнінде былайша әңгімелеп берді.
-Президентіміз ел спортына осыншама қамқорлық жасап отырған кезде біз де соған сай болуымыз керек. Кеңес Одағы кезінде біздің қаншама ағаларымыз одақтық деңгейден әрі аса алмай, әлемдік жарыстарға қатыса алмай, арманда кетті. Қазір Қазақстанды ұтып алсаң, бірден дүниежүзілік додаға жолдама аласың. Яғни еш кедергі жоқ. Тәуелсіздік деген осы емес пе. Әрине, бәрі де өзіңе, дұрыс бағыт сілтейтін бапкерлеріңе байланысты, - деді Е.Байбатыров. -
- Мен негізі таза самбошымын, бүкіл әдіс-айлам сол күрестен. Самбода барлық биіктерді бағындырдым, үш дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының иегері атандым. Бірақ әр спортшының асқақ арманы олимпиада чемпионы болу ғой. Осы тұрғыдан келгенде, дзюдоға ауысу мен үшін алға басу деп білемін. Бапкерлерім бірауыздан құптап отыр. Жаңа жылдан бастап, құдай қаласа, жапон күресінен жаттығуды бастаймын. Жалпы, Оралда самбошылар мен дзюдошылар бір залда жаттығады. Сондықтан ережелері таныс, кейде күресіп те жүрміз. Дзюдода аяққа тұрып, жылдам күреседі. Жауырын жерге тисе иппон, яғни таза жеңіс. Ал самбода керісінше шыдам керек. Жауырын жер иіскесе де, мұнда таза жеңіс жоқ, бар болғаны 4 ұпай аласың. Сөйтіп, 12 ұпайға дейін белдесуің қажет. Сосын самбода, еңкейіп күресуге, аяққа, қолға ауырту әдістерін жасауға болады. Дзюдода ондайға жол берілмейді. Осы жағынан ғана қиын демесеңіз, күресуге болады.
-Жалпы, күресте ең бастысы не, туа біткен дарын ба, еңбекқорлық па, қайсар мінез бе, әлде материалдық қолдау маңызды рөл атқара ма?
-Балуанның бойында осы қасиеттің бәрі болуы тиіс. Материалдық қолдаудың да мәні зор. Қанша жерден мықты болып тұрып, жарысқа бара алмаса, жарыста жеңіп қайтқанда ел ағалары қарсылап, құтты болсын айтпаса, спортшының мерейі өспейді. Бізде, Аллаға шүкір, жағдай жақсы. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанұлы бастаған жанашыр ағаларымыз қамқорлықты аямайды. Ағалардың арқасында пәтерлі, үйлі болған бауырларымыз көп. Мысалы, күні кеше ғана Ташкенттегі әлем чемпионатында алтын алған Азамат Мұқановқа пәтер кілті тапсырылды. Саят Шамшиев пен Альмира Исатаеваға қаржылай сыйақы берілді.
Тек қана самбошылар емес, сонымен қатар басқа да спорт түрлерінен жеңіске жеткен қыз-жігіттерге де осындай сый-құрмет көрсетілуде. Жеке өзіме келер болсам, 2008 жылы алғаш рет әлем чемпионы болғанымда облыс басшысы екі бөлмелі пәтер сыйлады, 2009 жылы жаңа көлік міндім. Биыл ақшалай сыйақы берді. Қысқасы, жоғары нәтиже болса, қамқорлықтан ешбір спортшы кенде қалған емес.
-Қазақстан құрамасындағы дзюдошы жігіттерді, болашақ қарсыластарыңды танисың ба, қазір не істеп жүрсің?
-Негізі спортшыларда демалыс жоқ. Кешегі әлем чемпионаты секілді үлкен жарыстардан кейін бір сәтте бәрін доғарып қоюға болмайды. Ол жүректің жұмысын бұзады, кейін ағзаға зиянын тигізуі мүмкін. Қазір күніне бір рет жаттығу жасаймын. Денені қыздырып, тер шығарып, бассейнге барамын. Жүгіріп, ағзаны қалпына келтірудемін. Осымен биылға жоспарланған жарыстар бітті. Жаңа жыл, жоғарыда айтылғандай, дзюдо күресіне арналғалы тұр.
Дзюдода 60 келі салмақ дәрежесінде күреспекпін. Бұл салмақтағы бірінші, екінші нөмірлі жігіттерді жақсы білемін. Кезінде самбода күресіп, екеуін де жеңіп жүрдім. Соңғы кезде жастар да шығып келеді. Жақсылап дайындалу керек, қалғанын татами көрсетеді. Олимпиадаға дейін біраз уақыт бар. Әуелі Қазақстан чемпионатын ұтып, ұлттық құрамаға кіру қажет. Содан кейін лицензиялық турнирлерде топ жару шарт. Дәл бүгін олай-бұлай деп айтуға әлі ерте. Бұйырса, келер жылы дзюдодан Орал қаласында өтетін ел біріншілігіне қатысамын. Алғашқы нәтиже сонда белгілі болады.
-Енді биылғы өткен Ташкенттегі дүниежүзілік додаға сәл-пәл шегініс жасасақ. Чемпионат қалай өтті, жанкүйерлер, тіпті мамандар күтпеген оқиғалар болған шығар...
-Иә, болды. Талай мықты балуандар жеребе жолдас болмай, бір топқа түсіп кетті, яғни ақтық айқасқа дейін біразы сайыстан шығып қалды. Бәрімізді таңғалдырған бәсеке 52 келі салмақ дәрежесінде өзбек Жураев пен әзірбайжан Майлов арасында өтті. Өзбек екі дүркін әлем чемпионы әрі өз жерінде күресті. Содан да болар, Жураев қарсыласын кездесу бітуге 25 секунд қалғанда 3:0 есебімен емін-еркін ұтып жатты. Көппен бірге мен де «Жеңіс Жураевқа бұйыратын болды» деп ойлап тұрғанмын. Кенет күтпеген оқиға болды. Майлов ақырғы күшін жинап алды да, өзбекті жығып салды. Ұстау әдісін қолданып, 4:3 есебімен ұтып кетті. Сөйтіп, ойламаған жерден әзірбайжан әлем чемпионы атанып шыға келді.
-Әлем чемпионына қарсы арнайы дайындалатын шығар қарсыластарың?
-Әрине, әлем чемпионы болғасын күресу қиын. Мәскеуде өткен әлем кубогында менің белдесулерімді бейнетаспаға түсіріп жүрді. Басқа басқа, тіпті облыстық жарыстың жеңімпазының өзі менімен барын салып күреседі. Әлем чемпионын жеңу деген үлкен мәртебе ғой!
-Спорттық мансап қашан болса да бір күні бітеді. Күресті қойғасын немен шұғылданасың, мамандығың бар ма?
-Әзірге ол жағын ойламаппын. Бірақ мамандығым бар. Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясын дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірдім. Биыл Еуразия академиясына заңгер мамандығына оқуға түсіп қойдым. Қалғанын өмір көрсетеді.