Мемлекет су тасқыны кезінде жапа шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде көктемгі су тасқыны кезінде мал-мүлкінен, үйінен айырылып, кәсібіне шығын келген жандарға мемлекет тарапынан толыққанды көмек көрсетілді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жазды.
— Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, 10 өңірде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Мемлекет басшысы адамдарды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облыс — Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жандардың ешқайсысы елеусіз қалған жоқ. Мемлекет міндеттемесін толық орындады. Зардап шеккендердің бәріне материалдық, қаржылай қолдау көрсетілді, - деп жазды Берік Уәли.
Сондай-ақ үйінен айырылғандарға, кәсібіне шығын келгендерге нақты қанша теңге сомасында көмек берілгені көрсетілген.
— Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар жұмыс істеді, олар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жүз пайыз аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды.
Бұған қоса 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яки 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді.Шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығыны өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкердің өтінімін мақұлдады, - делінген мақалада.
Одан бөлек, мал шығынын төлеу үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің көлемі 2,8 млрд теңгеден асқаны айтылған.
Бұған дейін жазғанымыздай, бүгінде тасқынды болжау және модельдеу бойынша Tasqyn.gov.kz ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Айта кетейік, Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен табыстар туралы баяндады.
Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті.