Мемлекет тарихы институтында генерал-лейтенант Абай Тасболатовпен кездесу өткізілді

деп хабарлады аталмыш институттан.
Кездесу барысында А.Тасболатов тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстанның әскери тарихындағы соңғы өзгерістер мен жетістіктерге, жаңа көзқарастарға назар аударды. Жас патриоттарды тәрбиелеуде туған елі, өскен жерінің тарихын, атақты тұлғаларын, ескерткіштерін білудің маңызы зор екеніне басты назар аударатынын тілге тиек етті. Елінің өткен тарихын білу ─ Отанын сүюге баулиды. Әскери салада патриоттық тәрбиенің негізгі мәні жас ұландарымызды елімізге, өз Отанымызға аянбай еңбек етуге, елін қорғауға дағдыландыру екені сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде Республикалық ұлан баспаханасынан Ұлы тұлғалар Абай, Шоқан, Ыбырай туралы мәліметтер, жер атауы, оның тарихына арналған қысқаша анықтамалық құралдар басылып шығарылып, нәтижесінде әскери-тарихи қайраткерлерді, оқиғаларды, ұлттық намыс пен тәуелсіздігіміз жолында жанын аямаған көсемдерді, хас батырларды, олардың ерлігі жайлы ғылыми еңбектер жазу, оны жас ұландарға үлгі ретінде ұсыну туралы айта келе, соның бір көрінісі халық қаһарманы С. Нұрмағамбетов туралы естеліктер жинақталып жатқанын және болашақта ол туралы көлемді кітап шығару мүмкіндіктерін ескере кетті.
Генерал-лейтенант А.Тасболатов Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65-жылдығы қарсаңында Қазақстанның әскери тарих саласындағы материалдарды зерттеу барысында Мемлекет тарихы институтымен бірігіп жұмыс істеуге, байланыс орнатуға ниетті екенін білдірді.
Кездесу соңында Мемлекет тарихы институтының директоры Б. Аяған генерал-лейтенант А. Тасболатовқа Институт ғалымдарының еңбектерін сыйға тартты.