Мемлекет тегін вакцина алуға мүмкіндік жасап отыр – Алексей Цой

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирустан ПТР тест емес, вакцина қорғайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет тегін вакцина алуға мүмкіндік жасап отыр – Алексей Цой

«Мемлекет қаржысы есебінен вакцинация шығыны өтеледі. Тегін вакцина алыңыздар. Ең бастысы, ПТР тест сіздерді коронавирус инфекциясынан қорғай алмайды. Ал вакцина – қорғайды. Сондықтан ауырғыңыз келмесе, қорғаныста болуды қаласаңыз, онда сізге мемлекет тегін вакцина алуға мүмкіндік жасап отыр. Егер, азаматтар түрлі себептермен вакцина алғысы келмесе, онда (ПТР тест тапсыруға) ақша төлеуге тура келеді», - деді Денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетейік, елімізде КВИ-ға қарсы вакцина алудан бас тартатын қызмет көрсету саласының, өнеркәсіп кәсіпорындарының және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабы енгізіледі. Тестіні әр 7 күн сайын өтіп тұру қажет.