Мемлекет­тік сатып алуды доғарып, мемлекеттік тап­сы­рысқа қайта көшу қажет - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 11 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылдың «Отарлау ойраны Алаш жұртын әлсіретіп кетті» деген тақырыппен мақаласы жарық көрді. Халық қалаулысының жазуынша, тарихшылар қазақ даласына орыс шаруаларының қопарыла көшуін Столыпин реакциясымен байланыстырады. Асылында қазақтар қара шекпен атап кеткен Ресей крестьяндарының Сарыарқаға бет бұруы одан ерте басталған. Петр бірінші мемлекеттің басты мақсаттарының біріне айналдырған империяны кеңейту идеясына сәйкес елдің тізгінін ұстаған билеушілердің бәрі Қытаймен екі арада көсіліп жатқан ұлан далаға көз сүзумен болды. Екінші жағынан Ресейдің қара топырақсыз аймағындағы түрлі әлеуметтік кемтарлықтың салдарынан қалыпты өмір сүруге қабілетсіз тобырдан құтылудың жолдары ұдайы іздестірілді. Рухани-адами құндылықтар туралы ойламайтын, бөрі азығы жолда деп кез келген уақытта кез келген жаққа жөңкіліп жүре беретін мұндай ел қатерлі де болатын. Пугачев, Степан Разин бүліншіліктерінің жаңғырығы басылмаған. Өмір сүру дағдысы мен мақсат-мұраты әркелкі сословиелерге бөлінген, қайыршылықтан басқа жоғалтары жоқ тобырдың қолына айыр-балтасын алып ереуілдеп шыға келуі әбден мүмкін-ді. Осыны ойлаған және державалық араны ашылған империя іргедегі кең-байтақ жерді қарусыз отарлауға біржола бекінді. Көрші халықтың табиғи бітім-болмысын, дәстүр-салты мен күш-қуатын әбден зерттеп алған соң емін-еркін іске кірісті. «Тарихи деректерге табан тірей отырып біз бүгінде қазақ сахарасын «бейбіт» отарлау 1750-жылдары басталды дей аламыз. Сол тұста империяны Қытайдың шекарасына дейін созу үшін алғашқы нақты қадамдар жасалды. 1752 жылы Есіл өзенінің Ресейге таяу жерінде Петропавл қамалы салынды. Ақмола статистикалық комитеті 1909 жылы әзірлеген Ақмола облысына қыс­қаша тарихи шолуда да дәл осы қамал бой көтерген кезең крестьяндық отарлаудың бас­талу кезеңі делінген. Бұған дейін де қа­зақ даласын оқ атпай жаулап алудың амал­дары жасалғанын деректермен дәйек­теп берген», - деп жазады А.Смайыл.

Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде аталған ведомствоның басшысы Нұрлан Қаппаровтың төрағалық етуімен «Байқоңыр» кешені бойынша Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының жанынан құрылған жұмыс комиссиясы тобының отырысы өтті. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Мемлекеттік мәселе мемлекеттік бақылауды қажет етеді» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, отырыс аясында көтерілген мәселенің бірі «Байқоңыр» айлағындағы Протон зымыран-тасығышының құлауы салдарынан туған залалды жағдайды жоюға қатысты іс-шаралар төңірегінде болса, одан кейінгі қозғалған мәселелер апатты жағдай орын алған аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық, сондай-ақ, экологиялық жағдай төңірегінде өрбіді. «Шілденің 9-ы күні ресейлік тарап апатты жағдай орын алған аумақтың топырағын өңдеуге кірісті. Қазіргі таңда 500 шаршы метр аумақ өңделді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін қайтадан зымыран жанармайының қалдық компоненттерін анықтау үшін қосымша бақылау сынамасы жасалатын болады», - деді Ұлттық ғарыш агенттігі төр­аға­сының орынбасары Еркін Шаймағамбетов.

***

«Қашаннан бері қызу әңгімеге айналған ауыл әкімдерін сайлау Елбасының Жарлығына сәйкес қыркүйекке дейін аяқталуы керек. Соған сәйкес атқарушы биліктегі айтулы шараны 5 тамыз күні Оңтүстік Қазақстан облысы бастайды», деп жазады «Айқын» газеті бейсенбілік санындағы «Сайлау Шымкенттен басталады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кеше Астанада Орталық сай­лау комиссиясының ресми өкілі Венера Жексембекова дүбірлі науқанның дайындығына байла­нысты арнайы өткізген брифингте хабарланғандай, Атырау облысы 6 тамызда, Ақтөбе, Алматы, Қос­танай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстары 7 тамызда, Шы­ғыс Қазақстанда 7-8-де, Батыс Қазақ­станда 7-9-да, Ақомола мен Қара­ғандыда 8-де, Жамбыл облысында 9 тамызда өткізілетін болады. Қазіргі кезде сайлануы тиіс 2457 әкім­нің орнына 895 үміткер ұсы­нылып қойыпты. Жалпы, үміткер­лерді ұсыну дауыс беру сәтіне 25 күн қалғанға дейін жүргізіледі, ал оларды тіркеу 15 күн қалған кезде аяқталады. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына да 15 тәулік беріліп отыр.

Осы басылымның бүгінгі санында Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Серік Байбатыровпен арадағы сұхбат «Әскери қылмыс өте қауіпті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазаннан қақ­пақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Бүгінде «шапкасыз» тендер ұтып алу мүмкін емес. Мәселен, Ал­матыға бір жерден машинаның резинасын әкелу үшін ұйымдар арасында «тендер» жарияланды дейік. Оны сонау Қызылордадағы біреу ұтып алады. Сөйтіп, мына жерде тұрған тауарды қиыр шеттегі біреу бізге тасып әкеліп береді. Неге? Себебі сол тендерді ұтып алған адам «шапкасын» көбірек төледі. Жо­ғарыда айтқан генерал-майор Маерманов дәл осындай әдіспен Қазақстан Қарулы Күштеріне Израильден қару-жарақтар сатып әкелген. Егер сол қару-жарақтар жарамсыз екендігі белгілі болып қалмағанда Маерманов бастаған сыбайластар қыруар қаржыны қалтаға басып жүре берер ме еді, кім білсін?! Сондықтан мемлекет­тік сатып алу дегенді доғарып, бұ­рынғыдай мемлекеттік тап­сы­рыс бойынша жұмыс жүргізген дұрыс сияқты», - дейді.

Соңғы жаңалықтар