Мемлекет ұлттық фильмдер түсірілімін қаржыландыруды жалғастырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық бюджеттегі оңтайландыруға қарамастан, ұлттық фильмдердің түсірілімдерін қаржыландыру жалғасады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова осылай мәлім етті.
«Қазіргі кезде біз экономикалық ахуалды ескеруіміз керек. Нақты көрсеткіштерді (қаржыландыру көлемін) мен әзірге айта алмаймын, себебі республикалық бюджет әлі қарастырылған жоқ. Әрине, біз өзіміздің ұсынысты енгіздік. Бұлар бірінші кезекте биыл басталған жобаларды жалғастыруға негізделген қаржыландыру. Яғни, осы жобаларды аяқтауды көздеп отырмыз», - деді А.Райымқұлова. Сонымен қатар ол министрлік демеушілік қаржыны тартумен айналысып жатқанын атап өтті. «Қазіргі кезде министрлікте мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша қаржы тарту аясында елеулі жұмыстар жүргізілуде», - деп тоқталды департамент басшысы.