Мемлекет ұлттың әл-ауқатын жалпы жұртшылықты қор нарығына қатыстыру арқылы көтеруге мүдделі- Ә. Арыстанов
АЛМАТЫ. 24 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мемлекет ұлттың әл-ауқатын жалпы жұртшылықты қор нарығына қатыстыру арқылы көтеруге мүдделі. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстанның қор нарығы. KASE-дегі ІРО» форумында ҚР Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Әркен Арыстанов айтты.
«Қор биржасында алдымен ұлттық компаниялардың акцияларына баға белгіленімі, ағашқы кезекте - көгілдір фишкалар жасалады. Көгілдір фишкалар бағдарламасы елімізде 1990-жылдардың ортасынан басталды. Алайда экономикалық өсім қарқыны ол кезде жеткіліксіз болып, экономикада тұрақтылық болған жоқ. Қазір оған обьективті және субьективті алғышарттар жасалды. Сондай-ақ қор нарығында қажетті инфрақұрылым қалыптасты. Шетелдік инвесторлармен кездескен сайын олардың қызығушылығын сезінеміз», деді Ә. Арыстанов.
Оның айтуынша, қазір ірі ғана емес, орта инвестордың да экономикалық белсенділігі өсіп келе жатыр. Ал халық қолындағы ақшасына бағалы қағаздар сатып алуға дайын. Оған мемлекет те мүдделі болып отыр. Оңтүстік-Шығыс Азия мен кейбір Шығыс Еуропа елдерінің жақсы үлгілері де бар.