Мемлекет және қоғам қайраткері Б.Әшімов өмірден өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, 1970-1984 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1984-1985 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып қызмет істеген Бәйкен Әшімов 93 жасында өмірден өтті.
Б. Әшімов бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Айыртау болысының Шабақбай ауылында 1917 жылы 10 тамызда дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері. Петропавлда ауыл шаруашылығы техникумын, Ленинград қолданбалы зоология институтын, СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1961-70 жылдары Қарағанды және Талдықорған облыстарына басшылық еткен. 1970-84 ж. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен шет ел ордендерімен марапатталған.