Мемлекетке 1,4 млрд теңге залал әкелген қылмыстық топтың мүшесі Молдовадан табылды

экстрадиция
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Молдова Республикасынан қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.

Күдікті 2021-2022 жылдар аралығында Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге жүйелі түрде заңсыз экономикалық және қаржылық алаяқтықты жүзеге асырған.

Оның рөлі — қаланың белгілі бір банктерінде шот ашу, бүркеме мәміле бойынша алғашқы бухгалтерлік құжатта тауарларды сатып алу-сату, жұмысты орындау, қызмет көрсету жөніндегі мәмілелерді көрсету секілді әрекеттер.

Қылмыстық топ салық төлемеген. Осының салдарынан мемлекетке 1,4 млрд теңгеге жуық сомада залал келген.

Бұл қылмыстық топқа қатысушылардың бір бөлігі ұзақ мерзімге сотталған, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Мамыр айында ол Молдова Республикасының аумағынан ұсталды.

Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуымен Молдова тарапынан күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау жөнінде шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта ол Алматы қаласының тергеу изоляторында отыр. 

Оған тағылған қылмысты жасағаны үшiн мүлкi тәркiленiп, он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Соңғы жаңалықтар