Мемлекетке борышкер азаматтар болашақта еліміздің аумағынан шыға алмауы мүмкін
Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет айтты.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда құзырлы органдар тарапынан, атап айқанда көші-қон үдерісін реттеу мен шекара қызметі тарапынан мемлекетке қандай да бір қарызы бар азаматтың шет мемлекеттерге шығуына шектеу қою мәселесі қарастырылуда. «Яғни болашақта сот актілерін орындамаған азаматтар туралы мәліметтерді автоматты түрде жеткізіп отыратын ақпараттық жүйе енгізілетін болады», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, әділет саласында атқару өндірісі бойынша борышкерлердің республикалық тізілімі құрылды. Ол тізілім атқару құжаттары бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді жария ету мақсатында әзірленген. Тізілім мәліметтері министрліктің интернет-ресурсында орналастырылды. «Енді тиісті қарызын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейінгі үш күннен соң борышкер азаматтың аты-жөні, тегі немесе борышкер ұйымның аты қалың көпшілікке жария болады. «Қазіргі таңда аталмыш тізілімде 1 мың 54 борышкерге қатысты мәліметтер жарияланған», - деді Е.Ерімбет.