Мемлекетке қайтарылған жер иелерінің наразылығы әкімдік пен прокуратураның дұрыс жұмыс жасамауынан орын алып отыр - Астана соты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет қажетіне алынған жер иелерінің наразылығы жергілікті атқарушы органдардың, бағалаушылардың және прокурорлық бақылаудың дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан өрбіп отыр.

Мемлекетке қайтарылған жер иелерінің наразылығы әкімдік пен прокуратураның дұрыс жұмыс жасамауынан орын алып отыр - Астана соты

Бұл туралы бүгін Астана қалалық сотында өткен «Жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтару кезінде өтемақы мөлшерін белгілеу мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысында Астана қалалық сотының судьясы Қарлығаш Таткеева айтты.

Оның айтуынша, өтемақысын төлей отырып, жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтарып алу шаралары жыл санап артып келеді. Алайда осымен қатар жер иелерінің өтемақы мөлшерінің мардымсыздығына байланысты наразылықтары да көбейе түсуде.

«Осыған байланысты жер телімдерінің иелері Астана қалалық сотына наразылық білдіріп, басқа инстанциялардағы соттарға шағымдануда. Астана қалалық соты мұнымен келісе алмайды», - деді Қ. Таткеева.

«Мұндай істерді жүргізудің сараптамасы көрсеткендей, жер телімін мемлекет қажеттілігіне қайтару шаралары кезінде пайда болатын мәселелердің негізгі себебі кейбір жағдайларда жергілікті атқарушы органдардың жер телімдерін қайтарып алуды реттейтін заңнаманы дұрыс қолданбауы, сондай-ақ, мемлекеттік немесе жеке бағалаушылардың бағалау стандарттарынан ауытқуы салдарынан болып отыр. Сонымен қатар, осы саладағы заңдылықтың сақталуын қадағалаудағы прокурорлық бақылаудың жоқтығын да атап өтуге болады», - деді судья.