«Мемлекетқұраушы ұлттың тілі өзге тілдерден үстем тұруы тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Мемлекетқұраушы ұлттың тілі өзге тілдерден үстем тұруы тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Қ.Тоқаев Мемлекет басшысын БҰҰ-ның ағымдағы және перспективалық қызметі туралы хабардар етті. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзі халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылық пен жақсы пікір тудырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.

Үстіміздегі жылдың 27-30 қазаны аралығында Мәскеу және Санкт-Петербор қалаларында РФ Конституциялық Сотының 20 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шаралар өтуде. Аталған мерейтойлық іс-шараларға Ресей Федерациясы мемлекеттік билік органдарының бірінші басшылары, беделді халық­аралық ұйымдар мен құқық қорғау институттарының, сондай-ақ шетелдердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, солардың қатарында ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Рогов бастаған делегация да қатысуда. Осы шаралар арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «20 жылдың мереке салтанаты» деген тақырыппен жарық көрді. «Бұл мерейтойға Ресей тарабы ерекше мән беруде. Іс-шаралардың ашылу рәсімі 27 қазан күні Мәскеу Кремлінде өтіп, сол жерде шетелдік делегацияларды РФ Президенті Д.А.Медведев қабылдады», - деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің сенбілік санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Өнербаймен арадағы сұхбат «Мемлекетқұраушы ұлттың тілі өзге тілдерден үстем тұруы тиіс» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Сөйлеймін деген кісі сөйлейді. Арамызда жүрген өзге ұлт өкілдерінің 70 пайызы ертең тек қана мемлекеттік тілде сөйлейміз десе, сөйлеп кетеді. өйткені осында туды, өсті, тәрбиеленді. Бірақ біз оны талап етіп отырған жоқпыз. Бұл - біздің кінәміз», - дейді.

5-14 қараша аралығында Францияның бас шаһары - Париж қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Осыған орай «Айқын» газетінде «Зілтеміршілер Парижге сапар шегеді» деген тақырыппен мақала басылды. «Егер биылғы жылы өткен жарыстардың нәтижесіне көз жүгіртсек, Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрінен еліміздің зілтеміршілерінің ешқайсысы әлем чемпионатының алтын тұғырына көтеріле алмағанын аңғарамыз. Ия, күміс пен қола медальді иеленіп, қалың жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген жерлестеріміз болды. Алайда бас жүлденің жөні бөлек», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Григорий Марченконы қабылдады. Г.Марченко Мемлекет басшысын елдің қаржы саласындағы, атап айтқанда, валюта нарығының ағымдағы жағдайы туралы хабардар етті. «Банктер тарапынан экономиканың нақты секторына несие бөлу арта бастады. Тұрғындардың депозиттері мен салымдарының өсімі тұрақты жалғасын табуда, осы ретте депозитті доллардан гөрі теңгемен салу жалғасын табуда. Жалпы алғанда, макроэкономикалық жағдай, банк секторы мен валюта нарығындағы жағдайлар жақсы қалыпта қалып отыр», - деді Г.Марченко журналистерге арналған брифинг барысында.