Мемлекеттен азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бөлінетін қаражат медиаторларға да берілуі тиіс - Бақытжан Әбдірайым
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет тарабынан азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бөлінетін қаражат медиаторларға да берілуі тиіс. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық медиация кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақта 15 ғасырдан бастап даулардың бәрін билер шешкен. Билер қалай шешкен? Бір ғана жолмен - бітімгерлік арқылы шешіп отырған. Екі жақты ортақ мәмілеге ұйыстырған. Қазбек, Әйтеке, Төле билер туындаған дауды бір ауыз сөзбен шешіп, тараптарды ортақ мәмілеге әкелген. Міне, осыны қазіргі таңда қайта жаңғырту қажеттілігі туындады. Біз бүгін дөңгелек үстел отырысымызда осы мәселені талқыладық. Себебі, қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер, Елбасының Жолдауында көрсетілген басымдық - мұның барлығы ең алдымен қоғамдық келісімге әкеледі», - деді ол «Конституциялық реформа және қоғамдық келісім» атты республикалық кеңестен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Мәселен, оның айтуынша, бір адам сотқа барғаннан кейін өзімімен соттасқан адамымен өмір бойы қас болуы мүмкін. Ал тәуелсіз медиатор олардың дауын шешіп берсе, олардың арасында өкпе-реніш қалмайды.
Сондай-ақ Республикалық медиация кеңесінің төрағасы мемлекет тарабынан азаматтарға құқықтық көмек көрсету үшін ақша бөлінетіндігін атап өтті.
«Осы қаржыны неге медиаторларға да бермеске. Туындаған дауларды олар да шешуде. Мәселен, мемлекет тарабынан азаматтарға құқықтық көмекке бөлінетін қаржының 80 пайыздан астамы қаралатын қылмыстық істерге жұмсалады. Оны көбіне кезекші адвокаттар алады. Олар мұны кәсіп қылып алған, бөлінген ақшалар солардың қалтасына түседі. Негізгі қажет дүние - дау тумай тұрып шешу десек, онда медиаторларды да сол тізімге енгізіп, мемлекеттен бөлінетін қаржыдан аздап болсын жалақы алуына жағдай жасаған жөн. Бұл ретте мемлекет бірнеше рет ұтысқа шығады. Алдымен дау тумай тұрып шешіледі. Екіншіден, олар сотқа бармағандықтан сот ақшасы шығын болмайды. Үшіншіден адамдар арасындағы өкпе-реніш шешіледі. Қазір әкімшіліктердің, Ассамблея жанында медиаторлар кабинеті бар», - деп түйіндеді сөзін Әбдірайым.