Мемлекеттен гөрі қызметтерді ҮЕҰ едәуір жақсы көрсете алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі азаматтық секторға өтетін болса, үкіметтік емес ұйымдар мемлекетке қарағанда қызметтерді едәуір жақсы көрсете алады. Бұл туралы бүгін «Қазақстанның азаматтық альянсы» ұйымының директоры Ильдар Катенов мәлім етті.
None
None

«Үкіметтік емес ұйымдар мемлекетке қарағанда қызметтерді жақсы көрсете алады. Көбі азаматтық ұйымдарда жеткілікті білім мен біліктілік, мүмкіндіктер жоқ деп есептейді. Алайда үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік қызметте көп жылдар істеген, жеке секторда көп жылдық өтілі бар білікті де кәсіби мамандар жетерлік. Мен тіпті олар мемлекеттік қызметтегі әріптестерінен бір бас жоғары дер едім. Себебі олар xалықпен жұмыс істеуді біледі. Азаматтардың мұң-мұқтажын іштен көрген кәсіби мамандар», - дейді ол.

Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың сапасына баға демпингі нұқсан келтіруі ықтимал.

«Әлеуметтік тапсырыс түскен кезде, ҮЕҰ-дар бір-бірімен бәсекелесіп, бағаны қатты түсіріп жіберуі мүмкін. Бұл өз кезегінде қызметтің сапасына қатты әсер ететіні сөзсіз», - дейді ол.

И. Катеновтің сөзі бойынша, мемлекеттік қызметтерді азаматтық секторға беру бойынша жұмыстар енді ғана талқылануда және оның нақты қашан жүзеге асырылатыны белгісіз. Бірақ келесі жылы осы мәселеге қатысты арнайы құрылған комиссия мен мемлекеттік органдар Парламентке жаңа заң жобасын енгізбек. «Сол кезде осы жұмыстардың мерзімдері, тетіктері, сондай-ақ қандай өзгерістер орын алу керектігі нақтыланады», - деп түйді сөзін И. Катенов.

Соңғы жаңалықтар