Мемлекеттігімізді сақтау үшін ауызбіршілігімізді сақтайық - Президент

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық бейнеқұттықтауында еліміздегі татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты бағалау жөнінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

бірлік
Фото: Виктор Федянин/Kazinform

«Біз әрбір таңға үміт артамыз, әрбір жылдан жақсылық күтеміз. Ал үміттің ақталуы, арман-мақсаттың орындалуы өзімізге байланысты. Ең бастысы, еліміздегі татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты бағалайық. Бірлігі мықты елдің рухы биік болады. Ұлы Абай айтқандай, бірлік дегеніміз – ең алдымен, ақылға – бірлік. Мемлекеттігімізді сақтау үшін ауызбіршілігімізді сақтайық. Қастерлі Отанымызды көркейтеміз десек, табанды еңбек етейік», - деді Президент.

Өз құттықтауында Мемлекет басшысы дамыған мемлекет болу үшін озық білімге ұмтылып, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектіні игеру қажеттігін баса айтты.

«Тәуелсіздік ұрпақтары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп келеді. Олар өнерде, спортта, ғылымда және бизнесте зор табысқа жетуде. Біз жастарымыздың осындай мықты, адал азамат болғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент тек болашаққа, тек алға ұмтылатын мемлекет болу керегін, бір ел болып біріксек, кез келген белесті бағындыратынымызды атап өтті.

«Ең бастысы, еліміз тыныш, іргеміз бүтін болсын! Жаңа жылға дейін санаулы секундтар қалды. Табалдырықтан аттағалы тұрған жыл бәріміз үшін жетістіктерге толы болсын!», - деді Мемлекет басшысы.