Мемлекетті алдап жүрген кәсіпкерлерге қарсы арнайы куәліктер енгізіледі

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, отандық кәсіпкерлер тарапынан осы мәселеге қатысты арыз-шағымдар көптеп түседі. Себебі «отандық кәсіпорын» атын жамылған ондай кәсіпорындар импорттық тауарға «Қазақстанда жасалған» дегенді жабыстырып қояды да, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысып жүреді. Сөйтіп, қыруар пайдаға кенеледі. «Дәл осы мәселеге шешілуге жақын. Қазіргі кезде Парламентте бір заң жобасы жатыр. Онда «индустриалдық куәлік» деген норма бар. Шыны керек, аталған бастамаға қарсы шыққандар да жоқ емес. Енді, біздің талқылауларымыз сәл кейінге шегерілді. Себебі депутаттар демалысқа шықты. Қыркүйек айынан бастап талқылау жұмыстарын тағы бастаймыз. Меніңше, жылдың аяғына дейін «индустриалдық куәлік» деген норма заң жүзінде қабылданады», - дейді Әлтаев.
Айта кетейік, бүгін Астанағы «Көрме» орталығында отандық тауар өндірушілерінің «Ұлы Дала елі» атты кезекті форумның пленарлық отырысы өтті. Форум аясында отандық тауарлардың көрмесі ашылды. Оған 350 компания қатысып жатыр. Көрме аясында шетелдің ірі электронды сауда платформалары алғаш рет өз стендтерін ашты.