Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жеке ақпарат құралдарына емес, ақпараттық кеңістікті дамытуға бағытталуы керек - II медиа құрылтайға қатысушылар
Ы. Қарашаның 25-i. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның ақпарат кеңістігінде шетелдік ақпарат құралдарының үлесі басым.
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан ІІ медиа құрылтайда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл құрылтайда жеке-жеке ақпарат құралдарын емес, ақпараттық кеңістікті дамыту туралы ой айтылды. Мен оған толығымен қосыламын. Жеке ақпарат құралдарын дамытуда медиабизнестің бір құралы ретінде пайда тауып отырған адамдарды мемлекет тағы қолдауы керек пе деген сұрақ туады. Ақпараттық кеңістік тұрғысынан алсақ, бұл жерде мынадай мәселелер бар. Ресей ақпарат құралдары басымдық алып, отандық ақпарат құралдары кенжелеп қалғандықтан, бүгінгі таңда оны дамыту өте күрделі мәселе болып отыр», дейді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев. Оның айтуынша, министрлік тарапынан қазақ тілді ақпарат құралдарына қолдау жасалады. Бұл бағыттағы жұмыста жақында Астанада өткен ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде айтылған ұсыныс-тілектер ескерілуде. Қазіргі таңда оларға талдау жасалып жатыр. Онда енді бүгінгі алқалы жиында айтылған ойлар мен қабылданатын ұйғарымдар да талқылау кезінде назарға алынбақ.