Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың көлемі 2010-2011 жылдары өзгеріссіз қалады - Мәдениет және ақпарат вице-министрі
АЛМАТЫ. Қарашаның 25-i. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл ақпарат құралдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің желісі бойынша 1,1 миллиард теңгенің мемлекеттік ақпараттық тапсырысын алды.
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан ІІ медиа құрылтайда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты талдағанда ең алдымен ақпарат құралдарынан біз мына тақырыпты жаза аламыз деген ұсыныстары жиналады. Соның негізде олар іріктеледі. Мәселен, «Гүлдер» деген журнал Қазақстанда гүл өсіруді дамыту тақырыбын ұсынып отыр. Мұндай мәселелер де біздің назармыздан тыс қалмайды. Өйткені, бұл айдар санаулы ғана басылымда бар», дейді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев. Оның айтуынша, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған министрлік болған соң олар тек ақпарат құралдарынан ғана емес кейде жоғарыдан түсетін тапсырыстар бойынша да жұмыс жасайды. Жалпы биылғы жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзден астам тақырып бойынша мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарға қаржы бөлді. Алдағы уақытта олардың саны енді ақпарат кеңістігін дамытуға байланысты біршама қысқаруы мүмкін. Дегенмен, оның көлемі алдағы екі жылдың ішінде өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ бұған қатысты барлық ақпарат министрліктің сайтында жарияланып отыратын болады.