Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелеріне бағалау енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелеріне бағалау енгізілді

«Үкіметтік емес ұйымдар еліміздің қоғамдық-саяси процестеріне ықпал ететін белсенді азаматтық қоғам институттарының бірі болып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар нақты әлеуметтік қамту секторына айналуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазіргі кезде азаматтық қоғам саласында 29 мыңнан астам адам қамтылған. Елімізде ҮЕҰ секторын мемлекет тарапынан қолдаудың нақты тетіктері қалыптасқан. Бұл ретте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және сыйлықақылар ескерілген», -деді Дін істері және азаматық қоғам министі Дархан Кәлетаев.

Ұсынылған заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және сыйлықақылар саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатындағы ҚР Үкіметінің Заңды жобалау жұмыстары жоспарына сәйкес әзірленді. Құжат нормаларын әзірлеу барысында ең озық тәжірибелер есепке алынды. Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Польша, Франция мен Хорватия сияқты елдердің халықаралық тәжірибесі зерделенді. Шетелдерде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің маңызды аспектісі ол - есеп беру. Өйткені қоғам осы деректердің көмегімен үкіметтік емес ұйымдар қызметінің мәнін түсінеді. Заң жобасының негізгі міндеттері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуын жетілдіруге бағытталған.

 «Біріншіден, заң жобасында мақсатты топтардың қажеттіліктеріне талдау жасау, зерделеу және ҮЕҰ ұсыныстары негізінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру процесінің бірыңғай тәсілдері белгіленген. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптары мен оларға жұмсалатын қаржы көлемін қалыптастыруда түрлі тәсілдер қолданады. Алайда мақсатты топтардың қажеттіліктері тиісті деңгейде есепке алынбаған. Құжат аясында «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру» түсінігі енгізіледі. Қалыптастыру процесі заңға тәуелді актілермен анықталатын болады және тұрғындардың қажеттіліктерін есепке алады», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Атап айтқанда, азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарды жіберу арқылы аталған процеске белсенді қатысу мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндіктер заң жобасында көзделген маңызды жаңалықтың бірі болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының іске асырылуы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау туралы ақпарат халыққа қолжетімді болады.

«Осылайша, уәкілетті органның интернет ресурсында мемлекеттік органдар іске асыратын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптары жарияланатын болады. Ал, барлық мемлекеттік органның интернет ресурсында жоспарланатын және іске асырылатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптары мен іске асырылу қорытындыларының бағасы жарияланады», - деп түсіндірді министр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалауды енгізу жоспарлануда. Ол халыққа көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану деңгейі мен жоба тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Екі кезеңнен тұратын жоба аяқталғаннан кейін тікелей бағалау жүргізілетін болады. Бірінші кезеңде ақпарат жинау, ал екінші кезеңде алынған деректерге талдау жүргізіледі.

Мұнымен қоса, үкіметтік емес ұйымдар көрсететін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың сапасына, шарттарына, мазмұнына бірыңғай талаптар немесе стандарттар, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды бағалау критерийлерін енгізу ұсынылады.

«Стандарттарды енгізу - үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында көрсететін қызметтерінің сапасын және олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.