Мемлекеттік алым енгізу импортталатын және елімізде шығарылатын көліктердің бағасына әсер етпейді - Т.Нұрашев
Талқылау барысында сенаторлар тарапынан заң жобасымен көзделген автокөліктерді тіркеу құнының 500 есеге өсуі халықтың наразылығын тудырып, өзімізде шығарылатын автокөлік бағасының күрт қымбаттауына соқтырмай ма деген күдіктер айтылған еді. Өз кезегінде ведомство басшысы Әсет Исекешев аталған мәселе жіті зерделенгенін, әлемдік тәжірибе талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша, барлық тараптың мүдделері ескеріле отырып, осындай шешім қабылданған. Ал Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Тимур Нұрашевтың айтуынша, автокөліктерді тіркеуге қатысты бастапқы мемлекеттік алым бүгінгі қолданыстағы импорттық кедендік бажды есептей отырып бекітіліп отыр.
«Егер халықтың сұранысы жоғары автокөлікті алсақ, оған енгізілетін бастапқы алымы қазір қолданылып отырған импорттық кедендік баждан аспайды. Мәселен, үш жылға дейінгі автокөліктерді алып қарасақ, алым мөлшері бүгін алынатын мөлшерге қарағанда 2,5 мың долларға төмен болады. Қазір импорттық баж әкелінетін автокөлікке 30-35 пайызды құрайды, оның үстінен автокөлік двигателінің көлеміне қатысты төленетін алымдар да бар. Енді 2016 жылдан бастап бізде кедендік баж 19 пайыза дейін төмендейді, басқа алым мүлдем болмайды. Осыған байланысты заң жобасында қамтылған бастапқы бір реттік мемлекеттік алымдарды енгізу елімізге импортталатын да, Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің де бағасын өзгертпейді», - дейді Тимур Нұрашев.