Мемлекеттік бағдарлама аясында 313 тірек-ауылға жан-жақты қолдау жасалады

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қала, аудан мен ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен республикалық семинар-кеңесте «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында тірек-ауылдарды дамыту жобасы таныстырылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында 313 тірек-ауылға жан-жақты қолдау жасалады

ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде республика бойынша нақты 313 тірек-ауыл анықталды. «Жалпы, тірек-ауыл - бұл инженерлік инфрақұрылымы дамыған елді мекен. Ол білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және мәдени шаралар жағынан көрші жатқан ауылдарға жан-жақты қызмет көрсетуі тиіс. Қазіргі кезде ондай ауылдар анықталды», - дейді С.Жұманғарин. Осыған орай, келесі жылдан бастап еліміздегі 313 тірек-ауылды дамыту жұмысы басталады. Биылдың өзінде осы мақсатта 43 млрд. теңге бөлінген. Вице-министр атап көрсеткендей, аталған бастама аясында «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының қолдау шараларын жан-жақты пайдалану жоспарланған.