Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес кәсіптік білім саласында тың міндеттерді жүзеге асырудың маңызы зор – Ш.Құрманәлина
Л. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ҚР Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен бекітілгені белгілі. Ел экономикасының орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту,
білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру - бағдарламаның негізгі мақсаты. Орындалуға тиісті бағдарламалық мақсаттар да айқындалған. Бағдарламалық мақсаттардың ішінде өзекті болып саналатын техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін жаңғыртуға қол жеткізу, педагог мамандығының беделін көтеру, «E-learning» электрондық оқытуды енгізу мәселелері жөнінде Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педколледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан облысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары директорлары кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманәлина ҚазАқпарат тілшісіне өз ой-толғамын былайша жеткізді.
Оның айтуынша, өңірде 39 техникалық және кәсіптік білім беретін орны бар, оның 22-сі - кәсіптік лицей, 17 колледж. Бұлардың 11-і мемлекеттік емес. Жалпы, бұл салада 26016 оқушы білім алады.
Жыл сайын ТжКБ ұйымдары сегіз мыңнан астам маман даярлап шығарады, бірақ бұл нарық еңбегінің қажеттілігін 30-40 пайыз ғана қанағаттандырады. Орта буынды мамандар мен жұмысшылар даярлау 100-ден астам мамандық пен біліктілік бойынша жүргізіліп келеді. 2009-2010 оқу жылы төрт жаңа мамандық бойынша
120 жұмысшы (3-еуі техникалық бағытта) дайындалды. 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау курстары үш бағытта жүргізілді. 1317 маман қайта даярлау стратегиясы аясында бос орындарды жапса (3 айлық даярлау курсы), 2485 адам инновациялық-индустриялық ауқымды жобаны іске асыруға арналған мамандықтар бойынша әзірленді.
2010 жылы алты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жалпы сомасы 241 млн. теңгеге күрделі жөңдеу жүргізілді. Білім беру ұйымдарының ағымдағы жөңдеуіне жергілікті бюджеттен 30,8 млн. теңге қаржы жұмсалды.
ТжКБ ұйымдары бітірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты факторы түлектердің кәсіптік даярлығы сапасын бағалау болып табылады. ТжКБ және біліктілікті беру жөніндегі республикалық ғылыми-әдістемелік дамыту орталығының Батыс Қазақстан филиалы 33 мамандық бойынша 3711 түлектің даярлығын тәуелсіз бағалаудан өткізді.
Теориялық білімдерін тестілік бақылау мен практикалық жұмыстарды орындаудың нәтижесінде 3220 адам немесе қатысқандардың 86 пайызы (2009 ж. 79,3 пайыз) сәйкестік сертификатына ие болды.
Ғылым докторының пікірінше, аталған мемлекеттік бағдарлама талаптары екі кезеңде іске асырылады: бірінші кезең 2011 - 2015 жылдарды, екінші кезең 2016 - 2020 жылдарды қамтиды, сондықтан да алға қойылған мақсаттарға жету үшін білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуден бастау керек. ТжКБ сапасы, бірінші кезекте, сапалы даярлығы бар оқытушылармен айқындалады. Бағдарламада 2011 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясының шеңберінде орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру салалары үшін ағылшын тілді педагог кадрларды даярлау, еліміздің жоғары оқу орындарында көптілді білімді педагог кадрларды даярлау, базалық пәндер циклінде шет тілі бойынша несиелердің көлемін ұлғайту жоспарланған. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде бұл бағытта жүргізіліп жатқан бастамалар баршылық. Атап айтқанда, ағылшын тілі мұғалімін даярлау бағдарламасына қазақ тілі немесе орыс тілінен қоса жүргізетін мұғалімдер даярлау, болашақ мұғалімдерге қойылатын талаптарды күшейту шаралары қарастырылуда. Сингапурде мұғалімдер даярлайтын білім беру институты бар және де оған институт немесе колледж бітіргендер, педагогикалық технологияларды меңгеру үшін, арнайы орта немесе жоғары білімі бар мамандар алынады. Қазақстанда осы тәжірибені арнайы талдау арқылы мұғалімдерді даярлау талаптарын күшейтудің бір түрі ретінде қабылдау керек сияқты. Жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде колледж бітіргендерге педагогика, психология, мамандықтары бойынша арнайы пән және оны оқыту әдістемесінен (мысалы, математика немесе қазақ тілі, ағылшын тілі) тестілеу енгізілсе, дұрыс болар еді. Білім беру ұйымдарына жұмысқа кіру қағидаларын өзгерту керек. Бірақ бағдарламада көрсетілгеніндей, тестілеуден өтудің орнына, өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіруде жеткен жетістіктер портфолиосының мазмұны бойынша қабылдау тиімді.
Өкінішке қарай, бағдарламада кәсіби мектеп, колледждер үшін мұғалімдерді даярлауға көңіл бөлінбеген. Университеттердің мамандық жіктеуішіне осы бағыттағы біліктіліктер енгізілуі керек. Педагогтерді аттестаттау ережесінен мұғалім білімін тестілеуді алып тастап, оқу-әдістемелік қызметінде жеткен жетістіктерін тікелей көрсететін портфолиосын талдап, мүдделі адамдардың (оқушылардың ата-аналары, оқушылар, әріптестер, оқу орнының мінездемесі) пікірлері ескерілсе, онлайн режимінде электрондық оқыту сабақтар циклдері берілсе, оқушыларға да мектептерге де, мұғалімнің өзіне де біліктілік деңгейінің өскенін көрсетер еді.
Білім берудегі менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару принциптерін енгізу, білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру, «E-learning» электрондық оқытуды енгізу - қазіргі кездегі білім ошақтарының әлсіз жағдайларының бірі. Білім беру ұйымдарында электрондық оқыту жүйесі қолданылмайды деп айту қиын. Себебі Қазақстанның білім жүйесі ТМД елдерінің ішінде бірінші болып 2002 жылы 100 пайыз компьютерлендірілді. Ол кезде алға қойған мақсат - информатика мұғалімдерін даярлау, басқа пәндерден сабақ беретін мұғалімдердің компьютерлік сауатын ашу еді. Қазіргі кезде электрондық оқытуды енгізу мақсаты қойылып отыр. Электрондық оқыту жүйесінде қолданылатын электрондық оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді (бұдан әрі - ОӘК) жасауға арналған талаптарды ескеріп, салада жаңа ОӘК дайындауға бетбұрыс жасалды. Колледждерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі - АКТ) орталығы ашылды. Сала бойынша өңірдегі барлық оқу орны компьютермен қамтамасыз етілген (1 компьютерге 10 адам, республикалық көрсеткіште 15 адам), Интернет жүйесіне 99 пайызы қосулы. 39 оқу орнының 30-ы интерактивті тақтамен жабдықталған.
Облыста (Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде) электронды оқыту орталығы, ақпараттық білім беру ортасы (АБО), электронды оқу залы, компьютерлік техникалық құралдар паркі, теледидар арқылы оқыту белсенді қолданыс табуда.
Интеграцияланған ақпараттық білім беру ортаны дамыту, жаңа ақпараттық коммуникациялық техниканы оқу процесіне енгізу электронды оқу орнын құру бағытына бет бұру болып табылады. Бұл жаңа талапқа сай бәсекелестікті көтеру мақсатында әр деңгейдегі мамандарды даярлау үрдісінде білім беру мына ұғымдарға сүйенеді: өзін-өзі оқыту, оқи білу, өз еркімен білімді меңгеру және де педагогтардың рөлі мен жауапкершілігін көтеру, адами ресурстарды дамыту, қазақстандық диплом мен біліктілікті әлем деңгейінде мойындату міндеттері кәсіптік білім беру сапасын анықтайтын болады. Техникалық және кәсіптік білім мен еңбек нарығы бірлестігі білім берудің нәтижесі болып табылады. Білім беру нәтижесі негізінде біліктілік, кәсіптік және білім беру стандарты, бағдарламалары, құзыреттілік қалыптасады. Құзыреттілік - бұл білім, түсінік, іскерлік пен қабілеттің интеграциясы. Құзыреттілікті қалыптастыру білім беру бағдарламаларының мақсаты.
Білім беру нәтижелері қай құжатта көрініс табады? Әрине, кәсіби стандарттарда. Бағдарламада көрсетілгеніндей, өкінішке қарай, көптеген мамандық бойынша кәсіби стандарттар жасақталмаған, себебі кәсіби стандарттарды жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер дайындауы керек. Білім және ғылым министрлігінің ТжКБ департаменті жанында ұйымдастырылған оқу-әдістемелік бірлестіктер мамандықтар бойынша жұмыс берушілермен бірігіп құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған білім беру стандарттарын, бағдарламаларын құрастыруда. Мысалы, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж жанында педагогикалық мамандықтар бойынша базалық оқу-әдістемелік бірлестік ашылды. Бұл бірлестік он жылдан бері тоғыз мамандық бойынша мемлекеттік стандарттар, 86 білім беру бағдарламасын, алпыс арнайы ОӘК оқулық, алты электрондық оқулық, электрондық әдістемелік жүйе жасақтауда. 2010 жылы «Бастауыш білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары бойынша қаладағы №17 мектептің директоры Тамара Рудич, №11 мектептің директоры Ерсайын Сапаров, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов т.б. жұмыс берушілермен бірігіп жасалған стандарттар мен бағдарламалар - құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған жаңа жобалардың бірі.
Дегенмен де бағдарламада көрсетілгеніндей, ТжКБ оқу орындарында білім беруді қаржыландырудың жеткіліксіздігі, педагогтың кәсіби мәртебесінің төмендігі, педагог кадрларды даярлау сапасының жеткіліксіздігі, жоғары білікті педагог кадрлардың тапшылығы, білім берудегі менеджменттің, ақпараттандырудың нашар дамуы бүгінде басты мәселе болып отыр. Сондай-ақ арнайы орта және жоғары білім мазмұнының бірігуінің жоқтығы, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нашарлығы, колледждер мен ЖОО бітірушілерінің біліктілігіне білім беру жүйесінің ұсынысы мен жұмыс берушілердің сұранысының арасындағы теңдіктің жоқтығы да жасырын емес. Осыған орай бағдарлама міндеттерін жүзеге асыру шараларын жоспарлап, ТжКБ оқу орындарында білім алудың беделін арттыру бағытында шығармашылықпен жұмыстануды әрі қарай жетілдіру қолға алынуда.