Мемлекеттік бағдарламаны сынай бермей, оған балама бағдарлама ұсыну керек - Советхан Ғаббас
Семинарды «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағы «Жерұйық» қоғамдық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырды. Отырысқа бірқатар қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге, «Шалқар» газеті мен «Шалқар» радиосы өкілдері қатысты. Онда еліміздің орта мектептерінің оқу бағдарламасына енгізіліп отырған «Дінтану негіздері» пәнінің дұрыс оқытылуы, оқулықтардың сапалылығы және басқа да өзекті мәселелер сөз болды.
«Мектептің оқу бағдарламасына енгізіліп отырған «дінтану негіздері» пәнінің үлкен маңызы бар. Бұл мәселеде оқушыларға оқытатын сабақтардың сапалылығына аса мән беріп, оқыту барысында олқылықтарға жол берілмеуі керек. Сондықтан мемлекеттік деңгейде қолға алынып отырған бағдарламаны сынай бермей, шешу жолдарын қарастырып, оған балама бағдарлама ұсыну керек», дейді «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағының төрағасы, жазушы Советхан Ғаббасов.
Аталмыш пән «ҚР Президентінің «Терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу және тыю жөніндегі шаралар туралы» 2000 жылғы 10-шы ақпандағы №332-ші Жарлығына сәйкес 2004 жылдан бастап 10-шы сыныптарда арнайы курс ретінде оқытылып келген еді. Ал 2009-2010 оқу жылынан бастап оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып 9-шы сыныптарға факультативті сабақ ретінде енгізілді.
Отырыс барысында сонымен қатар, 6-шы қазанда өтетін үкіметтік емес ұйымдардың 5-ші форумы жайында да әңгіме болды.