Мемлекеттік бақылау талаптарын бұзған 220 лауазым иелері жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылы да Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті тексеру жүргізуде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнама талаптары мүлтіксіз сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырды.
«Тиімді атқарылған шаралар нәтижесінде жүргізілген тексерулер саны кемуінің оң үрдісі байқалады. Биылғы 5 айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жалпы тіркелген тексерулер саны 2 пайызға (47 086-дан 46 008-ге) төмендеген. Сондай-ақ, бизнес субъектілерін тексеру 22 пайызға (22 367-ден 17 535-ке) азайды»,-делінген комитет мәліметінде.
Тексерілетін субъектілердің қызметіне заңсыз араласудан қорғау мақсатында Комитет 423 тексеру тағайындау актісін тіркеуден бас тартты, оның ішінде 197-і жеке кәсіпкерлерге қатысты. 117 заңсыз тексеру анықталып, соның 14-і жеке кәсіпкерлерге қатысты болып шықты.
«Мемлекеттік органдар бойынша тексеруді тіркеуден бас тартудың басым бөлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау-78, өртке қарсы қызмет-57, салық қызметі-49, сондай-ақ еңбек инспекциясына қатысты 45 тексеруден бас тартылды»,-деп атап өтілген ведомство хабарламасында.
Аталған мерзімде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін қолданылған прокурорлық шаралармен мемлекеттік органдардың 220 лауазымды тұлғасы заңмен қаралған жауапкершіліктерге тартылды.