Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тиісті норма бүгін палата отырысында бірінші оқылымда талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ескерілген.

«Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерістер енгізіліп отыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс. Яғни, бір жыл бойы қызметші өзге мемлекеттік органға ауыса алмайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің мүмкіндігін шектеп, өзінің білімін жетілдіруге, оқуға түсуге деген ынтасын азайтады. Осы орайда аталған талапты алып тастап, академия түлегінің жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс өтеуі талабын қалдыру ұсынылып отыр», - деді Д. Жазықбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, агенттік басшысы басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем берілетінін, бұл қаражат пәтер жалдауға бағытталатынын айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар