Мемлекеттік басқарудың тетіктерін тиімді пайдаланудың маңызы зор

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік басқарудың тетіктерін тиімді пайдаланудың маңызы зор.

Мемлекеттік басқарудың тетіктерін тиімді пайдаланудың маңызы зор

Бұл туралы Орал қаласы әкімдігінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктері және есеп беру кепілдігі мен ашықтығы» деген тақырыпта өтіп жатқан екі күндік жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы Модернизациялау бойынша ұлттық комиссия, ҚР Парламентінің Мәжілісі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы (ПРООН) мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі ұйымдастырған жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, Ұлт жоспарында азаматтық қоғамның қалыптасуына, мемлекеттік басқару ісіне тұрғындардың белсене араласуына айрықша мән берілгені белгілі. Ұлт жоспарына сәйкес 2015 жылдың 2 қарашасында «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданып, соның нәтижесінде облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңестер құрылып, нақты жұмыстар атқаруда.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың мәлім еткеніндей, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңдары Ұлт жоспарына сәйкес әзірленді. Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғалы отырса, алдағы мақсат - қай салада болсын табыстарды баянды етіп, дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына ену. Бұл бағытта елімізде көптеген іс-шара қолға алынып жатқаны мәлім. Аталмыш қос заңның қабылдануы - сондай шараның бірі. Заң жобасын дайындауға жұмыс тобымен бірге барлық қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері де жан-жақты талқыланып, ескерілді. Соның нәтижесінде қос заң Еуропа елдерінде жоғары бағаланды. Мәселен, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңын дайындағаны үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына Женевадағы Электрондық ақпарат құралдары ұйымының бас хатшысынан алғысхат келді. Жалпы алғанда, бұл заңдар мемлекетімізде азаматтық қоғамның дамуына тың серпін беретіні анық.

Жиында сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасының жобалар бойынша менеджері Гүлмира Төлесбаева, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің өкілі Мария Дубовицкая, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Болат Ысқақов және басқалар аталмыш заңдардың азаматтық қоғамды алға апарудағы маңызы зор екендігін, мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталғандығын, ашықтық, есеп беру және ақпарат алуда қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға септігін тигізетінін атап өтті.

Аталған заңдардың мән-маңызын түсіндіру бағытында тренингтер де өткізілді.