Мемлекеттік білім гранттарын беру жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады

АЛМАТЫ. 11 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2011/2012 оқу жылы жоғары білімді кадрларды дайындауға мемлекеттің білім беру тапсырысы 36 мың 46 грантты құрады.

Мемлекеттік білім  гранттарын беру жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады

Оның 35 мың 46-сы күндізгі, 1 мыңы сырттай оқу үлгісіне берілді. Білім гранттарын беру байқауына 91 мың 18 үміткер қатысқан болатын. Республикалық комиссия білім гранттарының 3003-ін «Алтын белгі» иелеріне, 628-ін халықаралық, республикалық олипиадалардың және ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына, 409-ын спорттық жарыстардың жеңімпаздарына, 509-ын жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 236-сын 1,2 топтағы мүгедектер мен мүгедек-балаларға, 16 594-ін ауыл жастарына, 723-ін қазақ дипаспорасының өкілдеріне берді. Сондай-ақ 2275-ін дайындық бөлімдері, 500-ін Назарбаев университеті, 125-ін М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, 200-ін Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті иеленді.

Енді мемлекеттік білім гранттарын ала алмаған үміткерлер Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржылық орталық» АҚ-дан мемлекеттік кепілдікпен оқу ақысын төлеу үшін несие алуына мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Қаржылық орталық» БТА банк, «Қазақстанның халық банкі» мен «Альянсбанктегі» білім несиелеріне кепілдік беруде.