Мемлекеттік білім грантының құны үш есеге артады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көтеру жолын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік білім грантының құны үш есеге артады

«Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине бұл қосымша инвестицияны талап етеді.

Осыған орай біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ», - деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президент еліміздегі 5 ЖОО әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керектігін айтып өтті.

Бұл межеге 2025 жылға дейін жету көзделіп отыр.