Мемлекеттік борыштың ІЖӨ-ге қатынасы арта түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың І тоқсанында Қазақстанның мемлкеттік борышы ішкі жалпы өнімге қатынасы 24,6%-дан 24,8%-ға артқан. Бұл туралы Қаржы нарығын дамыту және реттеу агентігінің ресми сайтындағы есепте айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2023 жылғы 1-тоқсанда борыш жүктемесі біршама өсіп, индекс мәні 0,14 тармаққа аздап ұлғаюы байқалады. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда мемлекеттік борыш пен үй шаруашылықтары борышының ІЖӨ-ге қатысы өскенімен байланысты. Бұл ретте жоғары пайыздық мөлшерлемелер ұлғайғандықтан, корпоративтік және бөлшек кредит берудің өсу қарқыны баяулайды. Бұл да борыш жүктемесінің өсуін баяулата алады», - деп жазылған есепте.
Есептегі кестеге сүйенсек, 2022 жылдың ІV тоқсанында мемлекеттік борыштың ішкі жалпы өнімге қатысы 24,6% болса, 2023 жылдың І тоқсанында бұл шама 24,8%. Ал үй шаруашылығындағы борыштың (ипотека несиелері, автонесиелер, несие картасы бойынша қарыздар мен табыс салығының борышы-ред.) ІЖӨ-ге қатысы былтырғы ІV тоқсанмен салыстырғанда артып, 14,1% болған.
Кестеден жылдың алғашқы үш айында банктердің несие беру қарқыны айтарлықтай бәсеңдегенін байқауға болады.
Заңды тұлғаларға берілген несиелердің өсу қарқыны 2022 жылдың ІV тоқсанында 11,5% болса, 2023 жылдың І тоқсанында 6,3%-ға түскен.
Ал жеке тұлғаларға несие беру қарқыны 2022 жылдың ІV тоқсанында 31,8% болса, 2023 жылдың І тоқсанында 28,5% болған.