Мемлекеттік бюджетке 1 трлн 381 млрд теңге түсім артық түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 1 трлн 381 млрд теңге артық түсті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік бюджетке 1 трлн 381 млрд теңге түсім артық түсті

«2019 жылы мемлекеттік бюджет жоспары 100,8 пайызға орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 1 трлн 381 млрд теңге немесе 17,4 пайыз артық түсім түскен. Республикалық бюджет 100,3 және жергілікті бюджеттер 102 пайызға орындалды», - деді комитет басшысы.

Оның дерегінше, шоғырландырылған бюджетке шикізаттық сектордан түсімдер - 7, шикізаттық емес сектордан түсімдер - 10 пайызға өсті. Сонымен қатар, қосымша резервтер 916 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру – 392 млрд теңге, цифрландыру бойынша шаралар 524 млрд теңге қосымша түсім алып келді.

«Тау-кен өндірісін қоспағанда экономиканың барлық басқа секторларында салық түсімдерінің өсімі байқалады. Аталған сектордағы түсімнің төмендеуі мұнайдың - 10 пайызға, металдардың орта есеппен - 13 пайызға төмендеуі себеп болды», - деді Марат Сұлтанғазиев.