Мемлекеттік бюджетке 5,5 трлн теңге түсті – Қаржы министрлігі
«8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 5,5 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 95,5% атқарылды. Республикалық бюджетке 3 трлн 455 млрд теңге түсті немесе жоспар 85% атқарылды. Кіріс бойынша жоспардың атқарылмауы 610 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі», - деді министр Үкімет отырысындағы баяндамасында.
Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығының атқарылмауына бірнеше фактор әсер етті: негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 14,4%-ке құлдырауы; 854 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 229,2 млрд теңгеге төмендеуі және екінші деңгейлі банктер түсімінің 9 млрд теңгеге азаюы.
«Қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері: өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда ҚҚС қайтарудың 63,4% немесе 201,8 млрд теңгеге өсуі; «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйе деректері бойынша сату айналымдарының 11,6% азаюы. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылғы кезеңмен салыстырғанда 33,2% немесе 3,9 трлн теңгеге азайған; Карантин режимінің енгізілуіне байланысты іскерлік белсенділік төмендеп, шамамен 20,6 мың салық төлеуші төлемдерін 265 млрд теңгеге төмендетті; 2019 жылғы 7 аймен салыстырғанда Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымының 10,5%, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен 2019 жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда 11% төмендеуі», - деп түсіндірді Қаржы министрі.