Мемлекеттік бюджеттің кірістері 103,5 пайызға орындалды
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мемлекеттік бюджеттің кірістері 103,5 пайызға орындалды.
Жоспарланған 769,1 млрд. теңгенің орнына бюджетке 796,3 млрд. теңге түсті. Бұл туралы бүгін 2009 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысы бойынша өткен Үкімет отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, корпоративті табыс салығынан бюджетке 194,7 млрд. теңге түскен. 2008 жылдың осы кезеңіне қарағанда түсімдер 11,9 млрд. теңгеге төмендеді. Сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтар бойынша бюджетке 111,5 млрд. теңге түсті немесе оның атқарылуы 76,2 пайызды құрады.
«2009 жылдың 1-ші тоқсанындағы кедендік статистиканың жедел мәліметтері бойынша, сыртқы сауда айналымы 13,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде импорт - 5,9 млрд., экспорт 8 млрд. АҚШ долларын құрады», деді министр.
Б. Жәмішевтің сөзіне қарағанда, ішкі өндіріс тауарларына қосымша құн салығынан бюджетке 18,3 млрд. теңге түсті немесе 45,2 пайызға орындалды. Сондай-ақ министр 2009 жылдың 1-ші тоқсанында жергілікті бюджеттердің кірісі 400,3 млрд. теңгеге жеткенін немесе 104,9 пайызға атқарылғанын атап өтті.