Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талантты жастарға ҚазҰУ ректоры арнайы грант бөлді

 АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Мемлекеттік грантты иелене алмай қалған «Алтын белгі» иегерлері мен халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың  жүлдегерлеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының грантын иелену мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талантты жастарға ҚазҰУ ректоры арнайы грант бөлді


Аталған университеттің ректоры  Бақытжан Жұмағұлов оқу орнының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, ректор грантына  ҚазҰУ-ға құжат тапсырып, мемлекеттік грантқа балы сәл жетпей қалған, талантты үміткер ие болады.

Айта кетерлігі, еліміздегі ең жетекші оқу орны студенттерді қабылдаудың жаңа тұжырымдамасын қабылдаған болатын.Бұл стратегия аясында биыл еліміздің 14 облысында ҚазҰУ олимпиадасы өткізілген еді.Олимпиада жеңімпаздары ҚазҰУ студенті атануға мүмкіндік алған. Жалпы биылғы жылы ҚазҰУ грант иеленген студенттерді қабылдауда көшбасшы болып отыр.Грант иегерлерінің 2586-сы ҚазҰУ-да оқуды таңдаған. ҚазҰУ өкілдері:  талантты жастардың қатарын ректор гранты иегерлерімен толықтырамыз. Бұл ҚазҰУ-ды жаңа деңгейге көтереді», дейді.