Мемлекеттік хатшы: 2013 жылы «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру керек

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - 2013 жылы «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасы жүзеге асуы керек. Бүгін Астанада мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлім етті.

Мемлекеттік хатшы: 2013 жылы «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру керек

«Біздің міндетіміз - бір кездері қателікпен кеткен дағды мен таптаурын дүниелерді түзету, жаңа тарихи ойды қалыптастыру. «Жаңа тарихи ой» дегенде біз бұның болашаққа ғана емес, өткенімізге де негізделетінін ұмытпауымыз керек. Өз тарихымызды ұғынып, санаға сіңіретін уақыт жетті. Бізге бұл мәселені өзіміз үшін түйсінетін уақыт та жетті», - деді М. Тәжин.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ұлт тарихын жаңаша түсінуге салмақты қадам қажеттігін, бұл үдеріске қазақ зиялыларын, оның ішінде ең алдымен жас ғалымдар мен журналистерді, мұрағатшыларды тартудың маңыздылығын атап өтті. «Ұлттық бірегейлікті тарихи жетістіктердің керемет мысалдарын алға тартып, көрсетусіз нығайту еш мүмкін емес. Бұл ретте 2013 жылы «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыруға тиіспіз. Онда ел өміріндегі түрлі сала қаһармандары орын алса игі. Өз еңбегі, таланты, күш-жігері арқасында қоғамда сый-құрметке бөленген, тәуелсіз мемлекеттің дамуына қомақты үлес қосқан азаматтар аз емес. Бұлар - Елбасы саясатының арқасында биікті бағындырып, жетістікке жеткен азаматтар. Бұқаралық сананы осындай шарапатты жандарды үлгі ету арқылы жұмыс істегеніміз жөн. Қарапайым тілмен айтсақ, Қазақстанның жаңа тұлғасын өз қолымызбен қалыптастыруымыз керек. Бұл әбден жүзеге асыруға болатын міндет. Өйткені, Қазақстанда 100 емес мыңдаған лайықты тұлға бар», - деді М. Тәжин.