Мемлекеттік хатшы: Адам құқығы - Қазақстанның басты бағыты, жоғары құндылығы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Халықаралық адам құқықтары күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өтуде.

Мемлекеттік хатшы: Адам құқығы - Қазақстанның басты бағыты, жоғары құндылығы

«Баршаңызды БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декаларациясын қабылдауының 67 жылдығымен және бүгінгі Халықаралық адам құқығы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Адамзат тарихында алғаш рет адам құқықтарының кешенді тұжырымдамасын қамтитын осы әмбебап халықаралық құжат БҰҰ-ның адам құқықтары саласында қабылдаған пактілер мен конвенцияларының негізгі іргетасын қабылдады. Әлемнің көптеген елдерінің Конституцияларында, соның ішінде Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңында да адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының негізгі ережелері мен қағидаттары енгізілген. Адам құқығы - Қазақстан Республикасының басты бағыты, жоғары құндылығы. Ұлы дала елінің мемлеттік саясатының негізгі өзегі адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға және қорғауға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді», - деді жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Г.Әбдіқалықова өз сөзінде қазақ халқы ежелден халықтық демократияны ұстанғанын, адамның құқықтары мен бостандықтарын жоғары құрметтеп, бұл тетіктерді ел басқарудағы үрдістерде, ішкі және сыртқы саясатта аса шеберлікпен қолдана білгенін атап өтті. «Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстан Республикасы адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, сақтау мен қорғауға міндеттеме алып, БҰҰ-ның Адам құқығына қатысты 60-тан астам халықаралық келісімшартын ратификациялады», - деді ол.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 24 жылының ішінде халықаралық қатынастарды нығайтуда, экономика, білім, ғылым, мәдениет салаларында, сондай-ақ адамдардың құқықтарын қорғау мен сақтауда елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті.

«Қазақстан адам құқығын қорғауда өзінің халықаралық міндеттемелерін әрдайым басшылыққа алып отырады. Еліміз - БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, ИЫҰ-ның және басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың беделді мүшесі. Қазіргі кезде Қазақстан - БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне және оның бюросына мүше. Өткен бір жылдың ішінде ҚР өзінің адам құқықтары саласында қабылдаған міндеттемелеріне байланысты дайындалған 4 ұлттық баяндаманы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде және конвенциялық органдарда сәтті қорғап шықты. Бұл, ең алдымен, Елбасы Н.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы қызметіне берілген жоғары баға әрі еліміздегі адам құқықтарының сақталуы мен қорғалуына көңіл бөлініп отырғандығның нәтижесі», - деді Мемлекеттік хатшы.