Мемлекеттік хатшы: «Болашақ» - басқарушылардың жаңа буынына президенттік инвестиция
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова халықаралық «Болашақ» бағдарламасын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарушылардың жаңа буынына салған инвестициясы деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Болащақ» бағдарламасы Президенттің ең маңызды бастамаларының бірі болып табылады және оны іске асырудың 23 жылында Қазақстанға кадрларды даярлаудың әлемдік жүйесіне сәтті ықпалдасуға мүмкіндік берілді. Осы ретте қазақстандық экономикалық, әлеуметтік және мәдени кеңістікке үздік технологиялар трансфертін қамтамасыз етуге жол ашылды. Президенттік «Болашақ» жобасы - ол басқарушылардың болашақ буынына, әлемдік деңгейдегі мамандарға президенттік инвестиция»,-деді Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасының ІІІ халықаралық конференциясында.
Г. Әбдіқалықова бұл бағдарлама басталғалы 12 мыңнан астам стипендия тағайындалғанын және 8,5 мыңнан астам маман даярлықтан өткенін еске салып өтті.
«Бағдарлама арқасында әр салада жоғары білікті мамандардың қатары толығып, елдің еңбек және ғылыми әлеуеті нығайып келеді. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері жоғары санаттағы кәсіби мамандардың пулы және олар күнделікті өз еңбектерімен қазақстандық ғылым мен экономикаға үлестерін қосып келеді», - деді ол.
Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған.