Мемлекеттік хатшы ЕҚҚДБ өкілдерімен әйелдер бизнесін қолдау бағытын талқылады

Тараптар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың бірқатар өзекті жобаларын талқылады.
«ЕҚҚДБ-мен бізде өте тығыз өзара қарым-қатынас орнаған және белсенді жобалар жүзеге асырылуда. Ынтымақтастықтың 25 жылында ауқымды жұмыстар атқарылды. 1992 жылдан бастап ЕҚҚДБ Қазақстанда 7 млрд еуродан астам қаржыны құрайтын 222 жобаны қаржыландырды»,-деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар қатар кездесу барысында табиғи ресурстар мен энергетика секторындағы ЕҚҚДБ жобаларын іске асыру бағытындағы, гендердік теңдік және әйелдердің осы сектордағы рөлін арттыру мәселесі қаралды.
«Барлық деңгейде нәзік жандыларға қолдау көрсетіп, әйелдер бизнесін дамытуға көмек көрсету шараларын жалғастырамыз деген ойдамын»,-деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.
Белгілі болғандай, ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасындағы келісім аясында «Әйел бизнесте» атты жоба іске асырылуда. Бүгінде аталған бағытта 7 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне 5,8 млрд теңге көлемінде қарыз берілді. Бұл ретте қаржыландырумен қатар, әйелдер басшылық ететін кәсіпорындарға басқарушылық тәжірибе мен соңғы буынды технологияларды енгізуге көмек жасалуда.
Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова Н. Паршадты Еуропа қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры лауазымына тағайындалуымен құттықтап, биылғы 31 тамызда ЭКСПО-2017 аясында өтетін «Әйелдер болашақ энергиясы үшін» атты халықаралық форумға қатысуға шақырды.