Мемлекеттік хатшы еліміздің барлық облыстарындағы спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық облыстарындағы спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Бұл туралы бүгін Ақордада өткен спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
«Сіздер қазір Қазақстанның барлық облыстарындағы спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізулеріңіз қажет. Қайсысы күрделі жөндеуді қажет етеді, қайсысы бүгінгі кезде мүлдем жаңадан салуды қажет етеді, қай облыста не жетпейді?», - деді Мемлекеттік хатшы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке қарата.
Бұл ретте ол қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 400-ден астам денсаулық сақтау мекемелері мен 300-ден астам мектептер салынғандығын атап өтті.
«Сол сияқты ендігі кезекте біз спортқа да көңіл бөлетін жағдайға жеттік деп есептеймін. Егер Лондон олимпиадасындағы табысымыз бұрын-соңды Қазақстан тарихында болмаған жетістіктерге қол жеткізетін болса, онда спортқа деген жалпы қызығушылық туындайды. Міне осы кезде біз осындай ұсыныс енгізуге дайын болумыз керек», - деді М.Құл-Мұхаммед.