Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми кеңесінің рөлін арттыруды ұсынды
Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жоспарында ең алдымен мемлекеттік саясаттың ақпараттық-сараптамалық бағыты қарастырылады. Бұл ретте этникааралық жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру, ғылыми зерттеулер жүргізуге басымдық берілмек. «Соған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне бұндай зерттеулердің нәтижелілігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Ондай нәтижелер біздің іс-қимыл жоспарымызбен мейлінше үйлескені ләзім», - деді М. Тәжин.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы ұлтаралық, этникааралық мәселелерде қабылданатын шешімдердің ғылыми, объективті зерттеулерге негізделгені қажет екенін айта келе, бұл бағыттағы әр қадамның нақты, сенімді болғаны құпталатынын жеткізді. «Осыған орай, Қазақстандағы этникаралық үдерістерге ғылыми негізделген көзқарасты қалыптастыру мақсатында Ассамблея ғылыми кеңесінің рөлін арттырған да орынды. Қазір жұмыс істеп тұрған ғылыми-сараптамалық мекемелердің әлеуетін де тиімді пайдалану керекпіз. Сондықтан да, Білім және ғылым министрлігімен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы, Ғылыми-сараптамалық кеңесі бірқатар шараларды атқарсын. Атап айтқанда, өңірлік деңгейде жүзеге асып жатқан барлық ғылыми қолданбалы зерттеулер жүйеленуі керек. Сосын ғылыми зерттеулерді қаржыландыру гранты аясында, этникааралық, конфессияаралық саладағы зерттеулер ұлттың басым әлеуетті бағыты ретінде арнайы қарастырылуы қажет», - деді М. Тәжин.