Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін 15 жылдық мерекесімен құттықтады
әуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген мәжілісінде жиынға қатысушыларды Ассамблеяның құрылғанына 15 жыл толуымен құттықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президентіміздің білікті басшылығының арқасында Қазақстан көпұлтты, көпконфессиялы елде бірлік пен келісімді сақтауда өзгелерге үлгі бола білді. Бүгінде әлем түрлі қақтығыстар қайшылықтарға толып отырған тұста, біздің аймақтағы бірлік пен тынтыштық - еліміздің саяси бағытының қаншалықтық дұрыс екендігін және бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының қаншалықты рөл атқарып отырғандығын көрсетті», деді Қ.Саудабаев.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тағы ядролық қаруды таратпау жөніндегі саммитке қатысып, онда еліміздің әлем алдындағы беделінің қаншалықты жоғары екендігін көрсеткендігін атап өтті. «Президентіміздің 47 мемлекет басшысы қатысқан аталмыш самиттегі орны өте жоғары болды. Елбасын АҚШ Президенті Барак Обама да ерекше ілтипатпен қарсы алды. АҚШ басшысы Н.Назарбаевты ядролық қаруды таратпау жөніндегі қозғалыстың мойындалған лидері ретінде атап өтті. Ал Президентіміздің аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жұмыстарға қосқан үлесі жөнінде Жапония, Франция, Ресей, Үндістан сияқты өзге де бірқатар мемлекеттердің басшылары атап өтті», деді Мемлекеттік хатшы.
Ол сөзінде Қазақстанның бүгін төзімділік, бірлік пен келісімді қалыптастыруда да лидерлердің бірі болып отырғандығына тоқтала келе, «бұл да мемлекетіміздің әлем алдындағы беделін көтеретін маңызды факторлардың бірі», деді.