Мемлекеттік хатшы М. Құл-Мұхаммед Президенттік мәдениет орталығының ұжымына жаңа Орталық пен оның басшысын таныстырды
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед елордадағы Президенттік мәдениет орталығында болып,
оның ұжымына жаңадан құрылған «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалған Қанат Саудабаевты таныстырды.
Ең алдымен Мемлекеттік хатшы Елбасы Жарлығына сәйкес «Назарбаев орталығы» атты жаңа орталық құрылатынын мәлімдеп, осы құрылымның мәніне де тоқталып өтті. «Бұндай орталық дүниежүзі өркениетті елдерінің көбісінде бар үрдіс. АҚШ-тың әйгілі президенттерінің қай-қайсысының болмасын өзіне арналған орталықтары бар. Бірінші президент Вашингтон, одан кейінгі Адамс, одан кейінгі Т. Джефферсоннан бастап Клинтонға дейін өзінің жұмыс істеп тұрған орталықтары баршылық. Кіші Буштың өзі де «елге істеген істерінің барлығы орталықта жинақталып тұрсын» деген ниетпен орталығын ашқалы жатыр. Сондықтан Қазақстанда да өз елінің Тұңғыш Президенті, мемлекет Тәуелсіздігінің негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірін, шығармашылығын, сан-салалы саяси қызметін зерттейтін, талдайтын, оны болашақ ұрпаққа жеткізетін орталықты жеке-дара салатын уақыт жетті», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Президенттік мәдениет орталығының директорын тағайындау-босату Мәдениет министрінің бұйрығымен жүргізілсе, қазіргі уақытта оның орнына жаңадан құрылып жатқан орталықтың мәртебесі де өсіп, оның басшысы тек Елбасының Жарлығымен ғана тағайындалатын болады.
Жаңа «Назарбаев орталығының» жарғысын бекіту алдағы бір ай ішінде жүргізілетін болады.