Мемлекеттік хатшы М. Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырысы өтті

Комиссия отырысында құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары салаларындағы көкейкесті мәселелер талқыланды.
«Елімізде құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары салаларын одан әрі дамытуға баса назар аударылған. Бұл мақсаттарға бюджеттен елеулі қаржы бөлінеді. Тек 2011 жылдың өзінде ғана құрылыс жұмыстарының көлемі 2 трлн. 82 млрд. теңгені құрады. Елбасы Н. Назарбаев ағымдағы жылғы Жолдауында Үкіметке 1 шілдеге дейін «Қолжетімді баспана-2020» жаңа бағдарламасын дайындап, қабылдауды тапсырды. Сондықтан қойылған міндеттерді ұтымды іске асыру аталған салаларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігіне тікелей байланысты», - деді жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы М. Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, Елбасының нұсқауына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде күшейту, азаматтардың құқықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін нақты және дәйекті қамтамасыз ету қажет.
Жиын барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы С.Нокиннің, Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасы Қ.Отаровтың, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р. Түсіпбековтың, Бас прокурор А. Дауылбаевтің және Есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтің есептері тыңдалды. Отырыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға кадрлық жұмысты жақсарту, сондай-ақ бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар бағдарламаларының іске асырылуына бақылауды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді.