Мемлекеттік хатшы отбасыны қолдауға қатысты тапсырмалар берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік хатшы отбасыны қолдауға қатысты тапсырмалар берді

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша саяси реформа, экономикалық жаңғыру және қоғамдық сананы жаңғырту қадамдары бойынша қажетті жұмыстар іске асырылып жатқандығын атап өтті. Осы орайда адамдардың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруда айқындаушы рөл отбасы институтына тиесілі. Отбасы мемлекеттің негізі ретінде аса ерекше назарды және қамқорлықты, азаматтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуды талап етеді.

Бұдан бөлек, отырыста отбасын, ана мен баланы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені туралы мәселе қаралды.  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына  қарағанда, Қазақстанда тууды ынталандыру мен отбасында балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге, көп балалы аналардың беделін арттыруға, мүгедек балалар мен олардың отбасыларын, сондай-ақ аз қамтылған шаңырақтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесі аясындағы балалы отбасыны қолдаудың ұлттық моделі әзірленген.

Атап айтқанда, Президенттің тапсырмасы бойынша биылғы 1 шілдеден бастап баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері 20 пайызға көбейтілетін болады. Бұған қоса, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс мөлшері қайта қаралады. Бұл 3 миллион азамат үшін базалық зейнетақылардың, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақылардың, сонымен қатар мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге арналған атаулы көмек пен жәрдемақылардың деңгейлерін арттыруға мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса отырыс барасында балаларды зорлық-зомбылықтан және БАҚ пен әлеуметтік желілер, әлеуметтік жарнама арқылы зиянды ақпараттан қорғау жөніндегі мемлекеттік шаралар талқыланды. Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмаларды жүктеді. 

null