Мемлекеттік хатшы рәміздерге қатысты республикалық комиссияның отырысын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 қарашада «Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты жұлдызды 25 күн аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер және ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Мемлекеттік хатшы рәміздерге қатысты республикалық комиссияның отырысын өткізді

Кеңейтілген отырысқа орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік орган басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт өкілдері, ғалымдар және т.б. қатысты.

Отырыс барысында Мемлекеттік хатшы биылғы жылдың маңыздылығын баса атап көрсетті. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес биылғы жылдың әрбір айында үлкен саяси мән бар. Осы сындарлы кезеңде елдігіміздің негізгі айнасы - мемлекеттік рәміздерімізді, тәуелсіздігімізді және елдің басқа да ұлттық құндылықтарды ардақтау бәріміздің ортақ міндетіміз болмақ» - деп атап өтті.

Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт министрліктерінің, сондай-ақ Алматы қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Комиссия мүшелері мемлекеттік рәміздердің пайдаланылу тәжірибесі мен мемлекеттік рәміздер саласындағы рәміздердің қолданылуын талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен әкімдіктерге жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.