Мемлекеттік хатшы тарихшы қауымды елде атқарылып жатқан жұмыстарды шынайы бағалауға шақырды
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Тарихшылар елде қолға алынған жұмыстарға баға бергенде мұқият болса екен. Бүгін Ақордада Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 3-отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осылай мәлім етті.
«Біз бірінші отырыста мұрағаттармен жұмыстарға байланысты дәстүрлі қадамдардан бөлек, жаңа заманауи құрылымдар туралы айттық. Кейде, қайсыбір сыншылар біраз уақыт өтті, түк жоқ дегендей әңгіме өрбіткенді жақсы көреді. Шындығында, бұл - жүз күн емес, жылдар, тіпті он шақты жылдар бойы атқаратын шаруа. Сондықтан да, мен біздің тарихшы қауымды өз жұмыстарына баға бергенде мұқияттылыққа шақырғым келеді. Біз жылдар бойы атқарылатын шараларды аз күнге жоспарлап, соған ұмтылып жатырмыз. Біз, түптеп келгенде, ұлттық тарихымызды жаңғыртуды аз уақытта шеше алмаймыз, мұрағат ісінде де революция жасау қолымыздан келмейді. Дегенмен, нақты шаралар маңызды», - деп атап өтті Марат Тәжин.
Бұл ретте Мемлекеттік хатшы міндет жүктелген жүз күн ішінде қыруар шара атқарғаны үшін білім және ғылым министрлігінің басшылығына ризашылық білдірді.
«Біз министрлік құрған зертханалар арқылы енді ғана тереңге бойлап келеміз. Дегенмен, бұлар нақты іске қосылып келеді. Әлбетте, кемшіліктер жоқ емес. Алайда, біз қазір қолға алған дүниелер біздің тарихымызда ешқашан болған емес. Мен осы тұста кейбір тарихшы қауымды түсінбей қаламын. Мынадай ауқымды жұмыс қолға алынғанда оны қос қолын көтере қолдауы керек емес пе? «Анау дұрыс емес, мынау мынадай!» деп асүйдегі әңгімені айту ол қауымға керек емес. Білім және мәдениет министрлігі осы жұмысты қолға алып, бастады. Ендеше, тарихшы қауымнан атқарылып жатқан жұмысты шынайы бағалауды сұрар едім», - деді М. Тәжин.